RSS Feed

Баланы қалай бағалаймыз?

%d0%be%d1%86%d0%b5%d0%bd%d0%ba%d0%b8-%d1%82%d0%b8%d1%82%d1%83%d0%bb-620x330

Әр ата-ана баласының мектептен бестікпен оралғанын қалайды. Кейбіреуі сыртына шығарып білдірмеуі мүмкін, бірақ бес немесе А әкелген балаға ешкім қой дей қоймас. Баға мәселесінде әр отбасы әр түрлі ұстаным ұстанады, мысалы, біреулер баласына бағаның мүлдем маңызды емес екенін ескертсе, енді басқалар күнара күнделік тексеруді әдетке айналдырған. Сонымен қайсысынікі көңілге қонымдырақ?

 Америкада қалай екен?

Сонымен оқуға түсіп, сабақ басталды. Енді біз бір бүкіл Қазақстанның абыройын арқалап алған түрмен Университетімізге келдік. Ішімізден қайсысы мықты екен деген сұрақ мойнын қылтитады. Сондағы ойымыз – соны мәре сызығы етіп белгілеп, сосын содан қалмау. Бірақ, өкінішке қарай ма, қуанышымыға орай ма, ол ойымыз іске аспады. Себебі мұнда баға ашық айтылмайды екен, тестің өзін қолыңа бұратыла оралған күйде бейне бір интернет банкингтің коды секілді табыстайды. Басында бір ыңғайсыз еді, біраздан соң үйреніп кеттік. Кейінірек, Димаш мектепке барды. Содан баға да жоқ, басқа да жоқ, бір жарты айдан соң үйге бір хат келді. “Көрсеткіші жақсы, ағылшын деңгейі мынадай”,- депті де қойыпты. Басқалардың бағасы туралы қызығушылығымыз қатты басыла қоймаған біз: “Сен қалай оқисың? Тағы кім жақсы оқиды”,-деп сұрасақ, “Білмеймін, айтпайды ғой”,-деген жауап естиміз. Сонымен біз Америка білім жүйесінің жасырын бағалауға құрылғанын байқадық.

Ашық бағалау VS Жасырын бағалау

Біздегі Кеңес дәуірінен келе жатқан ашық бағалау тәсілі сыныптағы 5-6 баланың бәсекеге қабілеттілік қырын арттыруы мүмкін, бірақ қалған 20 баланың өздеріне деген сенімділігін жоқ қылып жіберетін секілді. Бұл жүйе енді озат оқушылар үшін және олардың ата-аналары үшін тиімді. Топ алдында мақталғанды кім жек көрсін? Бөтен кісілердің көзінше “балаң жақсы” деген кімге ұнамасын? Енді дәл осы сәтте тура сол баламен бірдей, тек қабілеті басқашалау бала неге өзін төмен сезінуі керек? Оған бұдан былай жалпы мектепке келуге деген мотивацияны қайдан тауып береміз? Ашық бағалау жүйесінің тағы бір кемшін тұсы – “Сүйіктілер” синдромы. Бұл ауру біздің барлық мектептерде бар, сабағын жақсы оқып, тапсырманы тез арада тәмәм ететін оқушы сүйікті болмай қайтсін? Біреуді ұнату – әр ұстаздың өз құқығы, алайда оны сыртқа шығару қаншалықты қажет? Сыныптағы 5-6 оқушыға деген ерекше ықыласың басқа балалардың өздерін дарынсыз сезінуіне және бәріне немқұрайлы қарауына әкелетіні даусыз. Дәл сол сияқты бұл үрдіс озат оқушылардың да “бәрін білемге” салынып, одан да көбірек іздену сезімін сөндіруі мүмкін. Әр бала – өзінше индивид және қабілеті әр түрлі, сондықтан әрқайсына өзін мықты сезінуге мүмкіндік беру керек. Осы тұрғыдан американың ұстанымы дұрысырақ сияқты. Баланың бағасы бәрінің көзінше ашық айтылмайды, ата-ана жиналысы жеке-жеке қабылдау күйінде өтеді. Жалпы кездесулер де болып тұрады, алайда онда мектеп мәселесі, жоспарлар т.б мәселелер қамтылады.

“Бағаның мүлдем қажеті жоқ“

Бұл идеяның авторы – Алфи Кон. Оның ойынша, балаларға баға қоюдың 3 салдары бар: 1) бағаға байданған балалардың білім алуға деген құлшынысы  аса жоғары болмайды; 2) олар баға үшін жеңілірек тапсырмаларды алғанды құп көреді: бұл олардың жалқаулығын емес, табиғатын білдіреді. Ал егер баланың мақсаты тек қана А алу болса, тапсырмаларды сақ және уақытымен орындауға тырысқанымен интелектуалдық тәуекелдерге көп бара бермейді; 3) бағаға тәуелділік болғанда оқушыларда атүсті қарау және оқығанын тез ұмыту тенденциялары байқалады. Оған қарсылар адам үшін бағаның да мотивациялық күші барын, оған жету үшін адам өзіне мақсат қоятынын, бағалаудың адамның мәселе шешу, қалыпты жағдайдан шығу қабілетін арттыратынын және баға қойылмайтын жұмыс пен бағаланатын тапсырма сапасының жер мен көктей болатынын жазыпты. Бұл енді мүлдем басқа қырға шығу секілді, себебі бағалау жүйесінің мүлдем болмауы жүйесіздікке әкелуі және мақсат қойғыштық, оған деген ұмтылыс қасиеттерінің күл талқанын шығаруы мүмкін. Еткен еңбектің сапасына қарай оның жемісінің де болатынын бала біліп өсуі керек.

Жеміс демекші….

әлемде жақсы баға үшін ақша алатын да оқушылар бар. Ол енді бестік баға үшін берілетін жай 5-10 тиын емес, кәдімгі айлық секілді табыс көзіне айнала бастапты. Хьюстон қаласында жеке қорында 1.5 млн доллары бар басталғанына бір көп бола қоймаған бағдарлама математиканың негізгі қағидаларын меңгерген 5-сынып оқушыларына 1050 доллардан ақша бермекші. Сол секілді 10 000-нан астам Даллас оқушылары деңгейліе тестілеуден өткені үшін 400 доллардан пайда тапқан. Жалпы көп дамыған мемлекеттерде оқу да – жұмыс, сондықтан оның да хақын беру керек деп есептейтіндер де бар. Олар балаларына бестік үшін бәленбай деп айлық белгілеп, оны уақытылы табыстап отырады. Америкаға келсек, көбіне балалар өз ақшаларын осылай жинап велосипед не жоғарғы сыныптағылары өздеріне көлік сатып алады екен. Бір жағынан жөн секілді, бала ақшаның оңай келмейтінін сезініп өседі, екінші жағынан баланы бесіктен белі шықпай жатып саудагер етіп жіберетін секілді бұл жүйе.

Сонымен,

меніңше, бағалау мәселесінде бағаға қадалу не мүлдем бағаламау керек деп екі шектен де шығуға болмайды. Иә, бала бағалану керек, бірақ баланың бағасын емес, оның алып жатқан білімін тексеру керек. Бізде қазір баланың әйтеуір білімге ынталануы емес, тестен көп бал алуы маңызды болып тұр. Мектептер өзара тест нәтижесі бойынша жарысып кетті де, ол өз кезегінде баланың психологиясына кері әсерін тигізіп жатыр. Бала стреске түскен сайын оның қабылдау қабілеті азаймаса, көбеймейді. Тағы бір ескеретін жайт баланың қабілеті емес, еңбегі бағалануы тиіс. Мысалы: бір оқушы екіншіге қарағанда өте қабілетті және ол тапсырманы аз уақытта, ойнап жүріп бітіре салады, ал екінші бала сол тапсырманы ұзақ еңбекпен орындайды. Әлемдік, әсіресе, батыстық тәжірибеде ұзақ еңбек еткенінің бағасы жоғарырақ болады. Өйткені, өз қабілетіне ғана сенген адам жақсы нәтижеге жете алмай, кержалқау болып шығады. Қазір батыс білім жүйесінде “hardworking” сөзі сәнге айналған. Сондықтан қалай болғанда да бағалау жүйесі бәсеке қабілетін емес, еңбек қабілетін арттыруға бағытталса игі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

About Әлди-әлди...

Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді...

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: