RSS Feed

Жүрсің бе? … немесе сәждеге басың тиген соң…

10461658_10152384383736551_4391299427962321257_n

Көбейіп қайғың, көкірегің толып дүрсілге,
Азайып күлкің, жабысып бетке мұң-сірне.
Жалғанның мынау жалығып бітпес жырынан,
Жанарың сөніп, жабығып тағы жүрсің бе?

Жалғыздық сезіп, құлазып тағы қалдың ба?
Сөнді ме, әлде, нұр шашқан «шырақ» алдыңда?
Арманның бәрі алдаған сынды нәр берген,
Кеберсіп көңіл, айналып қапты тандырға.

Жұтаң бір тірлік жағаңа келіп жармасып,
Бара ма өтіп, күндерің текке алға асып?
Кешегі жарық айнадай мөлдір сезімің
Жатыр ма қазір елеусіз жерде шаң басып?

Балаңды ойлап, жарыңды ойлап зыр қағып,
Тіршілік кешіп, тыныштық таппай түн бағып,
Жинаған соқыр пұлыңда болмай береке,
Жүрсің бе әлі қабақты қара мұң қарып?

Жұбайың тағы жағалап жүрсе төркінін,
Өшпегені де өзекті ыстар өртінің.
Төбелес іздеп тентіреп кетсе төрт ұлың,
Жалғыз қыз үйде баса алмай жатса солқылын…

Әкенің сөзі бітті ме сені мезі қып?
Шыдамың сынар анаңнан қастық сезіліп?
Зіркілдеп ұрсып жүрсің бе, әлі оларға
Ашудың торы құрыққа ойды тез іліп?

Достарың сені түсінбей жүр ме болмағыр…
Сатты ма, әлде, жұқпасын біліп қолға кір.
Бастығың тағы миыңның етін жеді ме,
Сабырдың қалған сарқынын ішіп… ол да бір…

Қара ма, ақ па, сары ма, қоңыр, ақшыл ма –
Адамның бәрін жек көріп бара жатсың ба?
Жаныңа келіп жиылған сынды пенделер –
Тап сені талап жеу үшін алған тапсырма.

Ұйқыңда мүлде маза жоқ, білем, тап қазір,
Жүйкеңнің жібі үзілердей боп шаққа жүр.
Жүрегің мүлде тыныштық таба алмастай
Тұрса да келіп, қасыңда бақ та, тақ та әзір.

Қанағат, тойым, ынсаптың бәрі алыс па?
Қорқақтың құтын қашырар қурай, қамыс та.
Тәуекел етіп, тәубенің қақпай есігін
Жүрсің бе әлі түсем деп жоқпен жарысқа?

Буалдыр заман, бұлдыр-ау, бәрі, бұлдыр-ау…
Қинай ма тағдыр талайға салып қылбұрау…
«Түбі бір өлім, тірліктің бәрі опасыз,
Әр сәтім – еңіс, әр күнім – шексіз құлдырау…» –

Өмірдің мәні жоғалса, тәнің – құр сүлде…
Құр сүлдеріңді сүйрете алмай жүрсің бе?
Тұмшалап тастап жаныңның жетім шырылын,
Тәніңді сосын билете алмай жүрсің бе?

Үрейің ұшып, құлақ сап әлсіз дүрсілге,
Кәрілік қинап, өлімнен қорқып жүрсің бе?
Санаңда сайран сап жүрген сансыз сайтандар
Сан үміт сыйлап, сеніммен жортып жүрсің бе?..

…Реңін көрмей, тірегін таппай тірліктің,
Өмірден талай түңіліп өткен «кіл мықтың»
Дүниеге құл боп, құрдымға патша болды олар
Рахатын білмей, Шындықтың, Соған құлдықтың.

Ендеше, досым, дауаңды білем сенің мен.
«Алладан басқа Тәңір жоқ» деп айт сеніммен.
«Мұхаммед Оның елшісі» деші куә боп,
Раббыңның нұры төгіліп түссін көгіңнен.

Құранмен келген рухи астан татып ас,
Тыныштық тапшы, рухың қалса ақыр аш.
Періштелерге кіршіксіз оймен сенші енді
Қауырсынының қылпығына да татымас.

Ақырет күнін ойласаң, өмір түк емес,
Көзіңді ашып, жұмғанша, өтер бір елес.
Алладан болса, жақсылық пенен жамандық,
Ауызбен ешкім аспанның астын тіремес.

Жүрші енді, досым, имани, ғажап күйге енсең,
Құраннан бір жол болса да, бастап үйрен сен.
Бір сәтте ғана өмірді сүйіп кетесің,
Сәждеге басың тиген соң…

Мұрат Есжан

About Әлди-әлди...

Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді...

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: