RSS Feed

Әжем айтқан асыл сөз:

* Қалаға барғанда ешкіммен сөйлеспе!

* Сөмкеңді былай қолтығыңа қысып жүр.

* Біреу сөткіңді сұраса қолына бере салма.

* Әй, қыз, етегіңді жауып жүр! 

* Киімді сәл кеңдеу ал.

* Қыстық киімді молдау қылып ала бер, сосын қабаттап киіп ал, сен көтермейсің, суық көтереді.

* (Жазда) қысқа көмір алып алу керек (таңғы 6-да өшіретте отырады).

* Тамақты қабымен алу керек.

* Жалғыз жүрме.

* Ештеңені лақтырма. Ай неге тоғысады, күн неге тоғысады?

* Дым тамақ ішпейсің, ауамен қоректенесің бе?

* Бәрің менің айтқанымды жақтырмайсыңдар осы.

* Мен не отырған пешкімін бе?!

* Киізді далаға шығарма да, тастама да, жылы болады, кілемнің астына жайып қой.

* Жуа қосып жесейші тамаққа. 

* Аяғыңа бір қабат шұлық кигенсің бе 🙀?

* Әй, аналарға звондасайш амандығын біліп.

* Бір xабарымды алып қойсаңдар қайтеді осы үлкен отыр деп, өзім звондайын десем нөмірді қате терем.

* Сабаққа бір кесе шай ішіп барсаң миың жақсы қабылдайды.

* Күн құбылып тұр.

* Радиодағы адам бәрін біледі осы.

* Әй, Жүсіп (Мироғлы), артыңдағы адамды көрмей не болды саған?

* Осылар қанша адам қарап отырсақ та ұялмайды екен ә? (кинодағы ыңғайсыз картиналар туралы)

* Өш (өләәәнің бір варианты) сосын ел не дейді?

* Не бірдеңе керек пе, ертең пенсия келеді ғой. 

* Сәбет Үкіметінде намазды тығып оқушы еді апамдар, содан ба бәрін ұмытып қалғам. 

* Омырауыңды жауып жүр.

* Оңбаған Сталин бәрін қырды ғой.

* Ашаршылық кезінде киіз үйдің сыртында нан жауып жатып, үйге кіріп кеткем, келсем нан жоқ, ұрлап кетіпті.

* Біз бәріміз шөп шауып жур едік, әлі есімде Түгенше атпен шауып келді де, “Жеңіс, сүйінші, жеңдік”,-деп айқайлады.

* Сендерге ол заманды көрсетпесін Құдай!

* Сенің балаңды көріп кетсем арман жоқ. 

    Сіздер де жалғаңыздар, әжелеріңіз не деуші еді?)))))

Суретте: менің 1920-2010 жылдар аралығында ғұмыр кешкен әжем – Есмағамбетова Сәмби.

100 өзбектің 8-і, 100 қазақтың 30-ы ажырасады …

Анджелина мен Бред ажырасты деп CNN- нен бастап, BBC-ге дейін шулап жатыр. Біреулер Браджелина одағының ыдырау себебін Бредтің француз қызымен байланысы десе, енді біреулер оның әкелік міндетін дұрыс атқара алмауы (балаға тым қаталдық танытуы) дейді. Адамның жаны қашаннан жақсылықты аңсайды емес пе, бір жарасып кеткен жұптар, орнын тауып кеткен қыздар, жарына жеткен жігіттер көрсек бір түрлі бір ішіміз жылып қалады. Сондай жарасымды жандар жанжалдасса, бір түрлі мұңайып қаламыз. Жұп демекші, жақында бір отбасы мәселелеріне қатысты ағылшын тіліндегі вебинарға (семинардың интернет арқылы өтетін түрі) қатысқанмын. Өткізген кісі отбасы мәселесін 10 жылдан аса зерттеп жүрген АҚШ психолыгы екен. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Біріккен Араб Әмірлігі, Австрия, Жаңа Зеландиядан, Еуропадан адамдар қатысқан вебинарда өте жақсы мәселелер қозғалды, бірақ оған сәл кейінірек тоқталамын.

Сандар сөйлесін….

6359464499586474512083548576_divorceБіріккен Ұлттар Ұйымында Демография және Әлеуметтік есеп жүргізетін арнайы бөлім бар. Сондағы көзілдірікті не көзілдіріксіз апайлар мен ағайлар әр мемлекеттен ақпарат алып, үйлену, ажырасу рейтингісін шығарып отырады. Онда жалпы ажырасу коэффициенті, үйленудің ажырасуға шаққандағы қатынасын, тағы басқа қаптаған сандарды қосып не алып, бөліп не көбейтіп әр мемлекеттің жалпы ажырасу рейтингін анықтайды. Ендеше, сол сандарға көз жүгіртейік.

Реттік саны (тізім ұзақ болған соң қысқартылды) Country

(Мемлекеттер)

 % Divorce:marriage ratio (ажырасу коэфф.) (2005-2010)  

GDP

(PPP)

(Жалпы ішкі өнім)

 

 

1.  Belgium 71 46,877.99 USD (2013)
2.  Portugal 68 21,733.07 USD (2013)
3.  Hungary 67 13,480.91 USD (2013)
4.  Czech Republic 66 19,844.76 USD (2013)
5.  Spain 61 29,863.18 USD (2013)
6.  Luxembourg 60 110,697.03 USD (2013)
7.  Estonia 58 18,783.06 USD (2013)
8.  Cuba 56 6,051.22 USD (2011)
9.  France 55 42,503.30 USD (2013)
10.  Lithuania 53 15,537.92 USD (2013)
11.  United States 53 53,041.98 USD (2013)
12.  Latvia 52 15,375.45 USD (2013)
13.  Russia 51 14,611.70 USD (2013)
14.   Switzerland 51 84,815.41 USD (2013)
15.  Germany 49 46,268.64 USD (2013)
16.  Canada 48 51,958.38 USD (2013)
17.  Liechtenstein 48 134,617.38 USD (2009)
20  United Kingdom 47 41,787.47 USD (2013)
40  Japan 36 38,633.71 USD (2013)
41  South Korea 36 25,976.95 USD (2013)
42  Hong Kong 36 38,123.52 USD (2013)
44  Qatar 33 93,714.06 USD (2013)
45  Mongolia 32 4,056.40 USD (2013)
48  Israel 28 36,051.15 USD (2013)
50  Singapore 28 55,182.48 USD (2013)
51  Kazakhstan 27 13,609.75 USD (2013)
52  Panama 27 11,036.81 USD (2013)
63  Iran 22 4,763.30 USD (2013)
65  China 22 6,807.43 USD (2013)
67  Saudi Arabia 21 25,961.81 USD (2013)
68  Brazil 21 11,208.08 USD (2013)
70  Turkey 20 10,971.66 USD (2013)
75  Egypt 17 3,314.46 USD (2013)
76  South Africa 17 6,617.91 USD (2013)
79  Kyrgyzstan 16 1,263.45 USD (2013)
81  Mexico 15 10,307.28 USD (2013)
86  Azerbaijan 12 7,811.79 USD (2013)
87  Republic of Macedonia 11 4,838.46 USD (2013)
88  Seychelles 11 16,185.90 USD (2013)
89  Colombia 9 7,831.22 USD (2013)
90  Jamaica 9 5,289.97 USD (2013)
91  Syria 9 2,065.54 USD (2007)
92  Bosnia and Herzegovina 8 4,661.76 USD (2013)
93  Uzbekistan 8 1,878.09 USD (2013)
94  Tajikistan 6 1,036.58 USD (2013)
95  Guatemala 5 3,477.89 USD (2013)
97  Libya 5 11,964.73 USD (2013)
99  Vietnam 4 1,910.51 USD (2013)
100  Chile 3 15,732.31 USD (2013)

Cонымен не байқадыңыз?

 Алдымен авторлық құқық заңы бойынша, ағылшын тіліндегі уикипидия ақпаратында ең шеткі елдердің жалпы ішкі өнімі көрсетілген бағанның болмағанын ескертемін. Оны неге қосқанымды іштеріңіз сезіп отырған болар. Біз әдетте ажырасудың көбін әлеуметтік жағдайға тірейміз. “Жастарда баспана жоқ, ажыраспай қайтеді” не “бәленбай пайыз жұмыссыздар жастар болған соң олар қалай отбасын сақтап қалсын” деген ойларды қайталаудан жалыққан емеспіз. Расында солай ма? Онда неге әлемдегі ажырасудың басым көпшілігі бай мемлекеттерге тиесілі? Неге әлемдегі ең бақуатты мемлекеттің бірі АҚШ-та әр 6 секунд сайын бір айрылысу фактісі тіркеледі? Тойы мен бал айына мемлекеттен ақша сұрай алатын Куба неге бұл мәселеде алдыңғы шепте? Тағы бір парадокс бар, ол әлемге махаббат мекені ретінде атағы шыққан Франция. Жылына қаншама жігіт барып Эйфел мұнарасының жанында сүйіктілеріне неке жүзігін ұсынады, алайда ажырасудан француздар да алдына жан салмайды. Тіпті, жанұяның ең көп бұзылатын жері – Париждің нақ өзі екен.

Қазақстан да қалысып жатқан жоқ екен бұл тізімде. Бізден экономикасы біраз артта тұрған Тәжікстан мен Өзбекстанның көрсеткішін қараңыз. Әшейінде өзімізді өзбекпен салыстырып жарысқанда алдымызға жан салмаймыз, ал отбасының беріктігі мәселесінде әлдеқайда артта келеміз. Меніңше, нағыз жарысар тұс осы. Ал, біз болсақ қорамыз бен үйімізді салатын өзбек бар деп мақтанамыз. Бөтен елге барып жалданып күн көрсе де, тапқанын тағдырласына тасып, балаларына базарлық қылып жүр. Ажырасу көп және аз мемлекеттердің жалпы ішкі өнімін қарасаңыз, күндерін әрең көріп жүрген елдердің некеге берік екенін көресіз, демек, некені сақтайтын нәрсе – байлық та, романтика да емес. Оған алыстан мысал іздемей-ақ ертедегі ата-әжелеріміздің қиын-қыстау заманда да отбасын сақтағанын дәлел етуге болады.

Вебинарға оралсам….

Сонымен, вебинарды өткізуші Хелла апайдың некенің 5 қазығы деген жүйелі әрі ұзақтау бағдарламасы бар екен, бірақ оның ақшасы да әжептәуір. Мен қатысқан тегін вебинарында да іліп алатын біраз ақпарат қамтылды, солармен бөлісейін:

Некеде мына үштіктен қашу керек (әйелге де, ерге де қатысты):

  1. Салыстыру: бұл әдіс ешқашан нәтиже берген емес, қайта керісінше жолдасыңның (әйел болсын, ер болсын) сол салыстырып отырған жанға деген ұнамсыз сезімін күшейтесің.
  2. Отқа май құю: пікірталаста жеңуге ұмтылу (әйел болсын, ер болсын) маңызды емес, қайта сол мәдени таластан от тұтатпау маңызды.
  3. Жарыңды бірден өзгертуге тырысу: адамның өзгеруі мүмкін үдеріс болғанымен, ол өтттттеее ұзақ уақытты алатын құбылыс. Өзгерткің келе ме, сабыр сақтауыңа тура келеді.

Мынадай мәселелер де қозғалды:

  • Қиындықтарға өзіңді, ситуацияны өзгертуге, өміріңе жаңа леп әкелуге деген мүмкіндік деп қара.
  • Пессимизм мен үмітсіздік қай дінде де құпталмайтынын, оның шайтанның белгілері екенін ескер. Үмітіңді ешқашан үзбе!
  • Кез келген ажырасу баланың, тіпті үлкеннің психологиясына ауыр тиеді. Әрқайсысы өмір бойы өзінен кінә іздейді. Өзін жеумен күн кешеді. Ал, оның салдары баланың өсу барысында әйтеуір бір жерінен қылау беріп қалады. Ол психологиялық ауыр соққылардан өтеді.

Неке деген кінәласпау дегенді естіп едім, өзім бір өмірді көп көрдім деп айта алмаймын, бірақ кез келген жағдайда кінәні екі тарап та бір-бірінен емес, өзінен іздеу керек деген ой ақылға қонымды секілді.

Пайдаланылған дерек көзі:

Ең жақсы мұғалім

Баланы қалай бағалаймыз?

%d0%be%d1%86%d0%b5%d0%bd%d0%ba%d0%b8-%d1%82%d0%b8%d1%82%d1%83%d0%bb-620x330

Әр ата-ана баласының мектептен бестікпен оралғанын қалайды. Кейбіреуі сыртына шығарып білдірмеуі мүмкін, бірақ бес немесе А әкелген балаға ешкім қой дей қоймас. Баға мәселесінде әр отбасы әр түрлі ұстаным ұстанады, мысалы, біреулер баласына бағаның мүлдем маңызды емес екенін ескертсе, енді басқалар күнара күнделік тексеруді әдетке айналдырған. Сонымен қайсысынікі көңілге қонымдырақ?

 Америкада қалай екен?

Сонымен оқуға түсіп, сабақ басталды. Енді біз бір бүкіл Қазақстанның абыройын арқалап алған түрмен Университетімізге келдік. Ішімізден қайсысы мықты екен деген сұрақ мойнын қылтитады. Сондағы ойымыз – соны мәре сызығы етіп белгілеп, сосын содан қалмау. Бірақ, өкінішке қарай ма, қуанышымыға орай ма, ол ойымыз іске аспады. Себебі мұнда баға ашық айтылмайды екен, тестің өзін қолыңа бұратыла оралған күйде бейне бір интернет банкингтің коды секілді табыстайды. Басында бір ыңғайсыз еді, біраздан соң үйреніп кеттік. Кейінірек, Димаш мектепке барды. Содан баға да жоқ, басқа да жоқ, бір жарты айдан соң үйге бір хат келді. “Көрсеткіші жақсы, ағылшын деңгейі мынадай”,- депті де қойыпты. Басқалардың бағасы туралы қызығушылығымыз қатты басыла қоймаған біз: “Сен қалай оқисың? Тағы кім жақсы оқиды”,-деп сұрасақ, “Білмеймін, айтпайды ғой”,-деген жауап естиміз. Сонымен біз Америка білім жүйесінің жасырын бағалауға құрылғанын байқадық.

Ашық бағалау VS Жасырын бағалау

Біздегі Кеңес дәуірінен келе жатқан ашық бағалау тәсілі сыныптағы 5-6 баланың бәсекеге қабілеттілік қырын арттыруы мүмкін, бірақ қалған 20 баланың өздеріне деген сенімділігін жоқ қылып жіберетін секілді. Бұл жүйе енді озат оқушылар үшін және олардың ата-аналары үшін тиімді. Топ алдында мақталғанды кім жек көрсін? Бөтен кісілердің көзінше “балаң жақсы” деген кімге ұнамасын? Енді дәл осы сәтте тура сол баламен бірдей, тек қабілеті басқашалау бала неге өзін төмен сезінуі керек? Оған бұдан былай жалпы мектепке келуге деген мотивацияны қайдан тауып береміз? Ашық бағалау жүйесінің тағы бір кемшін тұсы – “Сүйіктілер” синдромы. Бұл ауру біздің барлық мектептерде бар, сабағын жақсы оқып, тапсырманы тез арада тәмәм ететін оқушы сүйікті болмай қайтсін? Біреуді ұнату – әр ұстаздың өз құқығы, алайда оны сыртқа шығару қаншалықты қажет? Сыныптағы 5-6 оқушыға деген ерекше ықыласың басқа балалардың өздерін дарынсыз сезінуіне және бәріне немқұрайлы қарауына әкелетіні даусыз. Дәл сол сияқты бұл үрдіс озат оқушылардың да “бәрін білемге” салынып, одан да көбірек іздену сезімін сөндіруі мүмкін. Әр бала – өзінше индивид және қабілеті әр түрлі, сондықтан әрқайсына өзін мықты сезінуге мүмкіндік беру керек. Осы тұрғыдан американың ұстанымы дұрысырақ сияқты. Баланың бағасы бәрінің көзінше ашық айтылмайды, ата-ана жиналысы жеке-жеке қабылдау күйінде өтеді. Жалпы кездесулер де болып тұрады, алайда онда мектеп мәселесі, жоспарлар т.б мәселелер қамтылады.

“Бағаның мүлдем қажеті жоқ“

Бұл идеяның авторы – Алфи Кон. Оның ойынша, балаларға баға қоюдың 3 салдары бар: 1) бағаға байданған балалардың білім алуға деген құлшынысы  аса жоғары болмайды; 2) олар баға үшін жеңілірек тапсырмаларды алғанды құп көреді: бұл олардың жалқаулығын емес, табиғатын білдіреді. Ал егер баланың мақсаты тек қана А алу болса, тапсырмаларды сақ және уақытымен орындауға тырысқанымен интелектуалдық тәуекелдерге көп бара бермейді; 3) бағаға тәуелділік болғанда оқушыларда атүсті қарау және оқығанын тез ұмыту тенденциялары байқалады. Оған қарсылар адам үшін бағаның да мотивациялық күші барын, оған жету үшін адам өзіне мақсат қоятынын, бағалаудың адамның мәселе шешу, қалыпты жағдайдан шығу қабілетін арттыратынын және баға қойылмайтын жұмыс пен бағаланатын тапсырма сапасының жер мен көктей болатынын жазыпты. Бұл енді мүлдем басқа қырға шығу секілді, себебі бағалау жүйесінің мүлдем болмауы жүйесіздікке әкелуі және мақсат қойғыштық, оған деген ұмтылыс қасиеттерінің күл талқанын шығаруы мүмкін. Еткен еңбектің сапасына қарай оның жемісінің де болатынын бала біліп өсуі керек.

Жеміс демекші….

әлемде жақсы баға үшін ақша алатын да оқушылар бар. Ол енді бестік баға үшін берілетін жай 5-10 тиын емес, кәдімгі айлық секілді табыс көзіне айнала бастапты. Хьюстон қаласында жеке қорында 1.5 млн доллары бар басталғанына бір көп бола қоймаған бағдарлама математиканың негізгі қағидаларын меңгерген 5-сынып оқушыларына 1050 доллардан ақша бермекші. Сол секілді 10 000-нан астам Даллас оқушылары деңгейліе тестілеуден өткені үшін 400 доллардан пайда тапқан. Жалпы көп дамыған мемлекеттерде оқу да – жұмыс, сондықтан оның да хақын беру керек деп есептейтіндер де бар. Олар балаларына бестік үшін бәленбай деп айлық белгілеп, оны уақытылы табыстап отырады. Америкаға келсек, көбіне балалар өз ақшаларын осылай жинап велосипед не жоғарғы сыныптағылары өздеріне көлік сатып алады екен. Бір жағынан жөн секілді, бала ақшаның оңай келмейтінін сезініп өседі, екінші жағынан баланы бесіктен белі шықпай жатып саудагер етіп жіберетін секілді бұл жүйе.

Сонымен,

меніңше, бағалау мәселесінде бағаға қадалу не мүлдем бағаламау керек деп екі шектен де шығуға болмайды. Иә, бала бағалану керек, бірақ баланың бағасын емес, оның алып жатқан білімін тексеру керек. Бізде қазір баланың әйтеуір білімге ынталануы емес, тестен көп бал алуы маңызды болып тұр. Мектептер өзара тест нәтижесі бойынша жарысып кетті де, ол өз кезегінде баланың психологиясына кері әсерін тигізіп жатыр. Бала стреске түскен сайын оның қабылдау қабілеті азаймаса, көбеймейді. Тағы бір ескеретін жайт баланың қабілеті емес, еңбегі бағалануы тиіс. Мысалы: бір оқушы екіншіге қарағанда өте қабілетті және ол тапсырманы аз уақытта, ойнап жүріп бітіре салады, ал екінші бала сол тапсырманы ұзақ еңбекпен орындайды. Әлемдік, әсіресе, батыстық тәжірибеде ұзақ еңбек еткенінің бағасы жоғарырақ болады. Өйткені, өз қабілетіне ғана сенген адам жақсы нәтижеге жете алмай, кержалқау болып шығады. Қазір батыс білім жүйесінде “hardworking” сөзі сәнге айналған. Сондықтан қалай болғанда да бағалау жүйесі бәсеке қабілетін емес, еңбек қабілетін арттыруға бағытталса игі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

“На-на-нейдің бір түрі ғой..”

ertegiler.kz
Мына сайттың қызығын көруді біз де бастағанбыз ғой. Алғашқы күні 3-ші ертегінің ортасына келгенде компьютер өшіп, тоқтап қалды. Димаш ертесіне келіп тұр. “Ана на-на-нейдің бір түрі ғой деп айтатын аға бар ғой, сол ертегi айтып жатқанда тоқтап қалып еді ғой, соны тыңдайық та жалғастырып”,-дейдi. Ол кісінің олай қайда айтқанын сұрасам: “өткендеее шай ішіп отырғанда айтыс тыңдап едік қой, сонда басында бірдеңесі бар кісі ше”,-дейді. Балғымбек аға айтысқа орыстілділерді ғана емес, 4 жасарларды да тарта алады екен ғой.)))

P.S. Балғымбек ағадан қырғыз ақыны: “Хайлайлiм-xайлім не мағына береді?” – деп сұраған. Ол кісі: “Хайлайлімда мағына жоқ, Ол-дағы нананейдің бір түрі ғой,” – деп жауап берген едi. Read the rest of this entry

Жүрсің бе? … немесе сәждеге басың тиген соң…

10461658_10152384383736551_4391299427962321257_n

Көбейіп қайғың, көкірегің толып дүрсілге,
Азайып күлкің, жабысып бетке мұң-сірне.
Жалғанның мынау жалығып бітпес жырынан,
Жанарың сөніп, жабығып тағы жүрсің бе?

Жалғыздық сезіп, құлазып тағы қалдың ба?
Сөнді ме, әлде, нұр шашқан «шырақ» алдыңда?
Арманның бәрі алдаған сынды нәр берген,
Кеберсіп көңіл, айналып қапты тандырға.

Жұтаң бір тірлік жағаңа келіп жармасып,
Бара ма өтіп, күндерің текке алға асып?
Кешегі жарық айнадай мөлдір сезімің
Жатыр ма қазір елеусіз жерде шаң басып?

Балаңды ойлап, жарыңды ойлап зыр қағып,
Тіршілік кешіп, тыныштық таппай түн бағып,
Жинаған соқыр пұлыңда болмай береке,
Жүрсің бе әлі қабақты қара мұң қарып?

Жұбайың тағы жағалап жүрсе төркінін,
Өшпегені де өзекті ыстар өртінің.
Төбелес іздеп тентіреп кетсе төрт ұлың,
Жалғыз қыз үйде баса алмай жатса солқылын…

Әкенің сөзі бітті ме сені мезі қып?
Шыдамың сынар анаңнан қастық сезіліп?
Зіркілдеп ұрсып жүрсің бе, әлі оларға
Ашудың торы құрыққа ойды тез іліп?

Достарың сені түсінбей жүр ме болмағыр…
Сатты ма, әлде, жұқпасын біліп қолға кір.
Бастығың тағы миыңның етін жеді ме,
Сабырдың қалған сарқынын ішіп… ол да бір…

Қара ма, ақ па, сары ма, қоңыр, ақшыл ма –
Адамның бәрін жек көріп бара жатсың ба?
Жаныңа келіп жиылған сынды пенделер –
Тап сені талап жеу үшін алған тапсырма.

Ұйқыңда мүлде маза жоқ, білем, тап қазір,
Жүйкеңнің жібі үзілердей боп шаққа жүр.
Жүрегің мүлде тыныштық таба алмастай
Тұрса да келіп, қасыңда бақ та, тақ та әзір.

Қанағат, тойым, ынсаптың бәрі алыс па?
Қорқақтың құтын қашырар қурай, қамыс та.
Тәуекел етіп, тәубенің қақпай есігін
Жүрсің бе әлі түсем деп жоқпен жарысқа?

Буалдыр заман, бұлдыр-ау, бәрі, бұлдыр-ау…
Қинай ма тағдыр талайға салып қылбұрау…
«Түбі бір өлім, тірліктің бәрі опасыз,
Әр сәтім – еңіс, әр күнім – шексіз құлдырау…» –

Өмірдің мәні жоғалса, тәнің – құр сүлде…
Құр сүлдеріңді сүйрете алмай жүрсің бе?
Тұмшалап тастап жаныңның жетім шырылын,
Тәніңді сосын билете алмай жүрсің бе?

Үрейің ұшып, құлақ сап әлсіз дүрсілге,
Кәрілік қинап, өлімнен қорқып жүрсің бе?
Санаңда сайран сап жүрген сансыз сайтандар
Сан үміт сыйлап, сеніммен жортып жүрсің бе?..

…Реңін көрмей, тірегін таппай тірліктің,
Өмірден талай түңіліп өткен «кіл мықтың»
Дүниеге құл боп, құрдымға патша болды олар
Рахатын білмей, Шындықтың, Соған құлдықтың.

Ендеше, досым, дауаңды білем сенің мен.
«Алладан басқа Тәңір жоқ» деп айт сеніммен.
«Мұхаммед Оның елшісі» деші куә боп,
Раббыңның нұры төгіліп түссін көгіңнен.

Құранмен келген рухи астан татып ас,
Тыныштық тапшы, рухың қалса ақыр аш.
Періштелерге кіршіксіз оймен сенші енді
Қауырсынының қылпығына да татымас.

Ақырет күнін ойласаң, өмір түк емес,
Көзіңді ашып, жұмғанша, өтер бір елес.
Алладан болса, жақсылық пенен жамандық,
Ауызбен ешкім аспанның астын тіремес.

Жүрші енді, досым, имани, ғажап күйге енсең,
Құраннан бір жол болса да, бастап үйрен сен.
Бір сәтте ғана өмірді сүйіп кетесің,
Сәждеге басың тиген соң…

Мұрат Есжан

Жерге түскен “жұлдыздар”

Бұрын ел танитын кiсiлердiң көбi өздерiнiң жеке өмiрлерiн жасырын ұстауға тырысып, басы артық суреттерiнiң жарияланып кетуiнен сақтанып жататын. Соның әсерi ме екен, әйтеуiр ел бiткен олар туралы жаңа хабар шыға қалса жiберiп алмауға тырысып, өтiп кеткен соң да бiраз талқылауға түсетiн. Iлуде бiреу дүкенде не басқа жерде көрiп қалса қатты қуанып, аузынан тастамай айтып жүретiн. “Мейрамбек” деп қыздар бiр көруге зар болушы едi. Адамның идеалы жоқ қой, бiрақ әр адамда бiр үлгi тұтатын, өте тәртiптi, сыпайы, бәрiн орнымен орындайтын үлгiлi образ болады. Баяғыда бiр оқушы:”мәә директор да көже iшедi екен ғой”,-деп қатты таң қалыпты ғой. Үнемi тәртiп туралы айтып, мұнтаздай болып киiнiп жүретiн мектеп басшысын өз ойынша бiр биiкке шығарып алғаны да сәби жүректiң. Өзiмiз де “түгенше апай да сериал көредi екен” деп таң қалушы едiк қой. Одан ол мұғалiмнiң ештеңесi кетпейдi, тек күнде ақыл айтып, ұрсыңқырап сөйлегенмен оның да кәдiмгi бiз сияқты бiреу екенiн бiлесiң. Менiңше, инстаграм желiсi бiраз жұлдызды “жерге” түсiрдi. Сахнада бой-сойы келiсiп, халық әндерiн ыңырана айтатын, қазақ қыздарын үздiксiз әнге қосатын әншiлердiң сандары жалтырап, беттерi iсiп, той-тойлап жүргенiн, қандай төсектен тұрып, қандай ас iшiп, қай тойда жүргенiн, кiмнiң баласы мектепке барып, кiмнiң қайда ұшып кеткенiн бiлiп отырады да “директор да көже iшедi екен ғой” деген сияқты ойға батады көрермен. Тiптi, пiкiр жазатындар сынап та жатады, оларды банға тығып, ұрысып жатып қойдырады. Оның бәрi адамдар көре алмайды, iшi тар дегендi емес, сол оның алдындағы сiздiң “жұмбақ бейне” стереотипiңiз құрдымға кеттi, оның миы соны қабылдай алмай жатыр дегендi бiлдiрсе керек, яғни сол кезде болатын шартты рефлекс. Болмаса “Түгенше әншiнiң әйелi қандай бақытты” деп бiр жеңгемiздiң құр босқа көңiл-күйi түседi. Бiреудiң өмiрiне қызығу-әйелдерге тән құбылыс. Одан бөлек “асылып өлген кiсiсi бар үйде арқан туралы әңгiме айтпа” деген бар, бiреу балаға зар, бiреу баспанаға, ендi бiреу киер киiмге, басқа бiреу iшер асқа зар дегендей. Иә оның бәрiне олар кiнәлi емес, бiрақ жалпы алғанда әдептiң, мәдениеттiң түрi ғой.

10612932_10152455188926551_1558798226501095375_n

Сосын осы әншiлер қауымы емшi, бақсы-балгерге барғыш деп жатады, көзден сақтану үшiн емшiге бармас бұрын, сол көз тию болған себеппен күрескен жөн шығар. Қазiр кiм не болса соны жазатын, кiм не болса соны салатын заман ғой, соны пайдаланып мен де жазып қалып жатқаным да, әйтпесе, жердегi жұлдыздарға қазiр көрерменнiң пiкiрi “пiшту” екенiн бiлем ғой. Бұл жерде ұтқан – журналистер қауымы. Жаңалық iздеп не аударып шарқ ұрмай, бiреудiң инстасынан ала қояды да, сайтына тәп-тәуiр тақырып қойып сала қояды. Әр нәрсенiң қайыры бар деген сол шығар.

P.S. бiз үлгi тұтатын басқа ұлттардың әншiлерi рас ештеңесiн жасырмайды, бiрақ оларды халықтың да сыйлап жатқаны шамалы. Ток-шоуларын көрсеңiз, қарапайым көрермен жерден алып жерге салып дымын қалдырмай жатқаны. Бiздi одан сақтасын ендi.